Қазір дәрігерлерге, мұғалімдер мен сатушыларға сұраныс жоғары екен. Жыл басынан бері жұмыспен қамту орталығына 600 тұрғын қызмет сұрап келген. Осы күні олардың жартысына жуығы еңбекпен қамтылыпты, деп хабарлайды Алматы телеарнасы. Алматылық Ғазиза Тоқабаева былтыр экономист мамандығын тәмәмдаған. Жас маманды жұмыс берушілер "тәжірибиесі жоқ" деп есігіне де жолатпайды екен. Еңбекке араласқысы келген азаматша 8 ай бойы табанынан таусылыпты. Енді міне, жұмыспен қамту орталығына келді. Мақсаты - тұрақты және мамандығына сай жұмыс табу. Өйткені Ғазиза жұмысқа орналасу үшін 4 жыл бойы үздік оқыпты. Енді жас маман мемлекеттік бағдарламалар арқылы екі қолға бір күрек табылар деген сенімде. "Жұмыс іздеп көрдім. Таппадым. Газет бойынша іздедім. Интернет бойынша іздедім. Көбісінде тәжірибе сұрайды. Тәжірибе жоқ болғаннан кейін жұмыс табу қиын. Вакансия бар. Қарастырамыз деді",- деп назын білдірді Алматы қаласының тұрғыны Ғазиза Тоқабаева. Өткен жылдың есебі бойынша, жұмыспен қамту орталығының шарапатын 13 мың адам көріпті. Ал, биыл 600 мыңдай азамат жұмыссыздар қатарына тіркелген. Осы жылы республика қаржысынан әлеуметтік жұмыс орындарына 460 азамат тартылса, қала бюджетінен 500 адамды қызметке орналастыру көзделіп отыр. Осылайша, қызметі жоқ жандардың қатарын азайту мақсатында қалалық және республикалық қазынаны қоса есептегенде 670 миллион теңге қарастырылған. Сайып келгенде, биыл 11 мың тұрғын тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етілмек. "Ағымдағы жылдың жоспары бойынша 385 адам республикалық бюджеттен, 800 адам жергілікті бюджеттен кәсіби даярлау курстарына жіберіп, олар кәсіби білім алып, өз біліктіліктерін жоғарлатып, ары қарай тұрақты жұмысқа жіберу жоспарланып отыр. Өткен жылы 2139 адам жұмыссыздар есебінде тіркеуде болса, биыл қаңтар айының өзінде 636 адам тіркеліп, біздің көмегімізге жүгініп отыр",- деді Алматы қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы басшысының орынбасары Шахаризада Ақбергенова. Қазір Алматыдағы 114 мекеме мен кәсіпорын 1 мыңнан астам маманды іздеп жатыр. Қалада дәрігерлер мен мұғалімдер және құрылысшылар тапшы. Инженерлер де қат. Сондай-ақ сатушылар мен кассирлер де жетіспейді екен. Осыған орай жұмыспен қамту орталығы 7 бос жұмыс орны жәрмеңкесін ұйымдастырмақ. Қалалық бірінші жәрмеңке наурыз айында өткізіледі. Жадыра Омаржан, Мұрат Тайжан Фото: www.0542.ua |
Время загрузки страницы 0.289 сек. |
Хостинг - Разработка - Сопровождение. Copyright © 2007-2015 All Rights Reserved |