Коммуналдық қызметтер тарапынан екі рет жол тазалау және құм аралас хлор қоспасын себу жұмыстары жүргізілді. Бұл жолы мамандар сұйықтық тектес жаңа қоспаны пайдаланыпты , деп хабарлайды Алматы телеарнасы. Тынбай еңбек етіп жүрген мына коммуналдық қызмет өкілдерінің арқасын кеңге салар жөні жоқ. Олар қас қарайып, көз байланған сәттен қолдарына құрал-жабдықтарын алып, тас жолдарды қардан аршуға кірісті. Сондай-ақ мұз айдынына айналмас үшін жаяу жүргіншілер жолын тәулік бойы жауған ақ ұлпадан тазартып жатыр. Қардың қала ішіндегі қалыңдығы жауаптылардың айтуынша, 15 сантиметр, ал таулы аймақта 25 сантиметрге жетіпті. «Тазалап жатқан төртінші көшеміз. Кешкі сағат 20.00-ге дейін тынбай жұмыс істейміз. Қарды барлығымыз жабылып күреп, тасып жатырмыз. Күнде осындай. Таңғы сағат 8-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істейміз»,- деді "Алматы тазалық" ҚКМ жұмысшысы Оразәлі Қалиев. Қазіргі таңда Алматының барлық аудандарында тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Барлығы 7056 тонна құм аралас хлор қоспасы мен 244 тонна техникалық тұз пайдаланылған. Сонымен қатар, сұйықтық тектес жаңа қоспаны да қолданылған. Мамандардың айтуынша, жөні бөлек, жосығы ерек қоспаны сепкеннен кейін қайта тазалаудың қажеті жоқ екен. «Сағат 4-5-тен бастап 12-ге дейін септік. 3-тен бастап сыпырдық, тазаладық. Түнімен қар жауып тұрды. 5-тен бастап қарды шығаруға кірістік»,- деді Алматы қ. "Алматы тазалық" ҚКМ Алмалы ауданы бойынша басшысы Ертай Қасенов. Қолда бар ақпаратқа сүйенсек, қар тазалау жұмыстарына 668 арнайы техника және 910 қызметкер жұмылдырылды. Синоптиктердің болжамы бойынша ақ ұлпа қар бүгін күні бойы жауады. Азамат Әуезхан, Қанат Кигізбаев Фото:www.tvc.ru |
Время загрузки страницы 0.221 сек. |
Хостинг - Разработка - Сопровождение. Copyright © 2007-2015 All Rights Reserved |