Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа 2015 жыл бойынша есеп берді , деп хабарлайды Zakon.kz, Ақорданың баспасөз қызметі берген мәліметке жүгініп. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес Мемлекет басшысына ұсынылған құжатта елдегі адам құқығына қатысты ахуалға, соның ішінде азаматтардан түскен арыздардың, құқық қорғау жөніндегі жобалардың, өңірлердегі мониторингтің, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың ақпараттары негізінде сараптама жасалған. Есепте Қазақстандағы адам құқығы саласындағы өзекті проблемалар анықталып, оларды шешу жолдары ұсынылған. Атап айтқанда, Омбудсменге есепті кезеңде адам құқығын қорғау мәселелері бойынша жазбаша және ауызша 1340 арыз түскен, олардың басым көпшілігі Астана және Алматы қалаларынан, Қарағанды, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарынан жолданған. Азаматтар өз құқықтары көбіне құқық қорғау органдары тарапынан, соттардың әрекеті мен шешімдеріне, пенитенциарлық органдарға, сондай-ақ мемлекеттік әкімшілендіру кезінде бұзылғанына шағым жасаған. Бұл сандар «100 нақты қадам» Ұлт жоспары арқылы шешімін табу көзделген проблемалармен толық сәйкеседі. Іс жүргізуге алынған әрбір шағымға байланысты мәселе белгіленген тәртіппен қаралып, соның 18,9%-ы бойынша құқық бұзылу деректері расталды және іс құқықты қалпына келтіруге дейін жеткізілді. Сонымен қатар Омбудсмен үйлестіретін, азаптау және өзге де қатігездіктер мен жазалаудың алдын алу жөніндегі ұлттық тетіктер аясында бүкіл ел бойынша 528 мониторингтік мақсаттағы іс-шаралар жүзеге асырылып, соның ішінде түзеу мекемелері, мәжбүрлеп емдеу ұйымдары, уақытша оқшаулау орындары, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтары, арнаулы білім беру ұйымдары қамтылды. Мекеме әкімшіліктеріне және мемлекеттік органдарға адамдарды күтімге алу ахуалын жақсарту жөнінде ұсынымдар берілді. Құқық бұзу туралы шағымдарды (1544 сауал) билік органдарымен бірлесіп қарау өзара ықпалдастық және консультативтік-кеңесшілік органдардың жұмысына қатысу арқылы жүзеге асырылды. Омбудсмен мекемесі 212 ұлттық және 53 халықаралық іс-шараға қатысты. Мекеменің өзі республиканың барлық өкілдерін қамти отырып, елдің 7 өңірінде жабық мекемелердегі құқық қорғау, мониторинг, балалар құқығы және халықтың басқа да әлсіз топтары үшін 12 оқыту шарасын ұйымдастырды және өткізді. Халықаралық деңгейде адам құқықтары жөніндегі барлық жаһандық, өңірлік ұйымдармен, шет елдердегі әріптестермен, соның ішінде БҰҰ, ЮНИСЕФ, ЕҚЫҰ, ЕО, Еуропа кеңесі, ұлттық құқық қорғау мекемелерінің халықаралық үйлестіру комитеті және басқа да ұйымдармен тығыз ынтымақтастық орнатылды. Халықаралық Қызыл Крест комитетінің, Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның, БҰҰ адам құқықтары комитетінің, БҰҰ-ның Адам құқықтары және босқын істері жөніндегі жоғарғы комиссариаттарының, Ислам ынтымақтастығы ұйымының, Нидерланд, Норвегия, БАӘ, Ұлыбритания, Ресей құқық қорғау мекемелерінің басшыларымен, сондай-ақ БҰҰ-ның Түрлі мәселелер жөніндегі арнаулы баяндамашыларымен кездесулер өткізілді. Жалпы, ұлттық құқық қорғау мекемесі алдағы уақытта адам құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының халықаралық құқықтық міндеттемелерін орындау жөніндегі мемлекеттік саясатқа атсалысу жұмыстарын жалғастыратын болады. Мемлекет басшысы Есепті қарап шыққан соң тиісті тапсырмалар берді. Фото: www.akorda.kz |
Время загрузки страницы 0.325 сек. |
Хостинг - Разработка - Сопровождение. Copyright © 2007-2015 All Rights Reserved |