Былтыр 241 емхана мен аурухана ерікті шараға қатысуға ниет білдірген. Оның 202-сі – мемлекеттік, 39-ы –жекеменшік мекемелер , деп хабарлайды BNews.kz. Кешенді бағалау жүргізуге арнайы дайындықтан өткен 235 сарапшы қатысқан. Олардың ішінде Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық қызмет сапасын бақылау комитетінің, оның аумақтық департаменттерінің, ДСДРО-ның Аккредиттеу орталығының қызметкерлері, денсаулық сақтау саласында жұмыс істейтін мамандар бар. Аккредиттеу шарасы жаңартылған әдістеме бойынша (ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылдың 10 наурыздағы № 127 «Денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу ережелерін бекіту туралы» бұйрығы) жүргізілді. Оған сәйкес аккредиттеу қорытындысы бойынша 3 категория (екінші, бірінші, жоғарғы) қарастырылған. Кешенді бағалау қорытындысы бойынша 232 медициналық ұйым аккредиттеуден сәтті өтті.Оның ішінде 142-сіне –екінші категория, 84-іне – бірінші категория тағайындалса, алты медициналық мекеме ең жоғарғы категорияға ие болды. Аккредиттеуден өте алмай қалған мекемелер саны – 9. Астанадағы Ұлттық ғылыми-медициналық орталық, Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы, Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық; Өскемендегі «Ана мен бала орталығы», Ақтаудағы Sofie Medgroupe көппрофильді клиникасы, Алматыдағы ЭКО орталығы ең үздік нәтиже көрсетіп, 3 жыл мерзімге берілетін жоғары категория алды. 2015 жылғы аккредиттеуге қатысқан медициналық ұйымдардың 4 пайызының жұмысы стандарттарға сәйкес емес деп танылды. Оларда негізінен тәуекелді менеджмент, пациенттердің 6 халықаралық қауіпсіздік мақсаттарын енгізу, клиникалық және клиникалық емес үдерістерді енгізуге қатысты проблемалар анықталды. Медициналық ұйымдарды аккредиттеу – мекемеде пациенттерді қабылдауға және емдеуге барлық жағдай жасалғанын ресми мойындау. Бұл шара денсаулық сақтау жүйесінің қызмет сапасын арттыруға бағытталған. Аккредиттеу барысында басшылық, ресурстарды басқару, қауіпсіздікті басқару, пациенттерді емдеу және күту шараларын ұйымдастыру деңгейі бағаланады. Аккредиттеу орталығының жетекшісі Ботагөз Қауіпбаеваның айтуынша, медициналық қызмет көрсетуге мемлекеттік тапсырыс орналастыру кезінде аккредиттелген мекемелерге басымдық беріледі. Жыл басынан бері ДСДРО-ның Аккредиттеу орталығы медициналық ұйымдарды аккредиттеу қарсаңындағы дайындықтан өткізу науқанына кірісті. Медициналық ұйымдарды бұл шараға дайындау үшін орталық мамандары халықаралық сарапшылардың кеңестерін ескере отырып жасалған заманауи технологияларды қолданады. Фотосурет: www.medicinakemz.ru |
Время загрузки страницы 0.349 сек. |
Хостинг - Разработка - Сопровождение. Copyright © 2007-2015 All Rights Reserved |